Аудандық семинар "ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ – МАҚТАНЫШЫМ"
КМҚК «№179 бөбекжай-балабақшасы»
Ұйымдастырылған ашық оқу қызметі
Мектепалды даярлық «Құлыншақ» тобы
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ – МАҚТАНЫШЫМ
(Аудандық семинар)
Тәрбиеші: Шаумурнова.Э.Қ
Алматы 2019 ж.
Білім беру салалары: қатынас, таным, шығармашылық, әлеумет
Тақырыбы: « Тәуелсіз елім – мақтанышым»
Оқу қызметінің мақсаты: Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтей білуге, ата-баба дәстүріндегі ұлттық ерекшеліктер арқылы ұлтжандылыққа, тарихи құндылығымызды қадірлей білуге және Отанын сүюге тәрбиелеу.Тамырын тереңге тартқан ел тарихы мен Ұлы даланың Жеті қырына жататын ұлт руханиятын ұрпақ болмысына сіңіру арқылы Қазақстанның болашағын баянды ететін саналы да білімді ұрпақ қалыптастыру. Отанына деген мақтаныш сезімін ояту, туған жеріне, қаласына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Халқының асыл мұралары мен туған жерінің байлығын бағалай білуге тәрбиелеу. Қазақстан жеріндегі жануарлар мен құстарға және өсімдіктерге деген сүйіспеншілік сезімдерін баули отырып, оларға деген қамқорлық сезімдерін дамыту.
Қолданылатын көрнекіліктер: слайдтар, Қазақстанның картасы, ұшатын тарелка макеті, құрастыруға арналған фетр матасынан жасалған ою-өрнектер, жылқы малына арналған тоқым және оны безендіру үшін жапсырмалы моншақтар , әр балаға әуеде қалықтайтын жұлдыздар,
Әдіс-тәсіл: саяхат, түсіндіру
Билингвальды компонент: ту-флаг, елтаңба-герб, әнұран-гимн,
бөгде ғаламшарлық-инопланетан, ғарыш-космос
*Қонақтармен амандасу
Кең- байтақ бейбіт еліме
Тәуелсіздік таңы атты!
Қайырлы таң деймін мен,
Шаттық кернеп кеудемді!
Қайырлы таң деймін мен,
Ізетпен сыйлап үлкенді!
Сәлеметсіздер ме апайлар!
*Тәрбиеші: Балалар, біздің бүгінгі мерекеміз Еліміздің Тәуелсіздігіне арналып отыр. Олай болса алдымен экранға назар аударайық!
(Балаларға Қазақстан туралы бейнежазба көрсету)
Тәрбиеші : - Балалар көрген бейнежазбамыз не туралы ?
Балалардың жауаптары:
-Туған жеріміз туралы..
-Отанымыз......
-Туған өлкеміз.....
-Сүйікті қаламыз.....
-Табиғатымыз...
-Қазақстан туралы...
-Қазақ елінің мақтаныштарын көрдік т.б
Тәрбиеші : -Дұрыс айтасыңдар, ендеше мынау қалықтаған аспан түстес көк шар арқылы туған елімізге, Отанымызға бір-бір тілек айтайықшы!
(балалар шарды бір-біріне беру арқылы тілек айтады)
-Қазақстаным көркейе берсін!
-Отаным өркендей берсін!
-Халқымның болашағы баянды болсын!
-Елім асулардан аса берсін!
-Еліміздегі ұлттар достығы нығая берсін!................т.с.с.....
Тәрбиеші : Жарайсыңдар!!!
-Еліміздің тұғыры биік болсын деп шарымызды биікке ұшырып жіберейік!!!
(балалар орындарына жайғасады)
(кенеттен бір дыбыс естіледі )
Тәрбиеші : -Балалар , естисіңдерме?...Менің құлағыма таныс емес дыбыс келіп тұр...,бұл не болды екен?...Бәріміз мониторға қарайық....
Міне, қызық бізге ғарыш айлағынан қонақ келе жатырған секілді?....
(топқа ұшатын тарелка келіп қонып, ішінен бөгдеғаламшарлық шығады.Оның қолындағы сағаты сигнал береді.....)
-Жер, Жер...
-Қазақстан,Қазақстан.....
ол «Қазақстан» деп таңырқай жан-жағына қарайды)
Тәрбиеші: -Иә,иә...Сіз Жер ғаламшарына, соның ішінде Қазақстанға қондыңыз. –Қош келдіңіз!,төрлетіңіз!
(қолындағы сағаты тағы да сигнал беріп дыбыстайды:-Сен жер ғаламшарындағы Қазақстан еліне тап болдың. Еш қауіп жоқ па ?, жағдай бір қалыпты ма?
Бөгдеғаламшарлық:
-Жоқ,жоқ...Еш қауіп жоқ...Қазақ деген қонақжай халық екен!
Үнтаспадан тағы дауыс естіліді- Онда Қазақстан туралы ақпаратты қабылда.....)
Бөгдеғаламшарлық:
- Бөгдеғаламшарлық:
Маған қазақ елі туралы,жер байлығы туралы, экономикасы жайлы ақпараттар келіп түсті. Дегенмен де ,осы елдің өскелең ұрпағы сендердің білімдерің мені қызықтырады...
Тәрбиеші:
-Бәрекелді, қандай керемет. Қане, балалар,ендеше біз аянып қалмайық, білімімізді көрсетейік......
-Біздің еліміз туралы не білгіңіз келеді?
(Ғарыш қонағы қолын сілтегенде монитордан слайд ашылып, бірінші сұрақ шығады)
Слайд 1
-Қазақстан мемлекеті несімен ерекшеленеді?
-Қане,балалар, біз өзге Республикалардан немізбен ерекшеленеміз?,басқа ұлттар бізді қалай таниды?, біз қандай елміз?
Балалардың жауаптары:
-Біз егеменді елміз!
-Көп ұлтты тату-тәтті елміз!
-Өзіміздің рәміздеріміз бар!
-Өзіміздің ұлттық теңгеміз бар!
-Тәуелсіздігімізді алғанбыз!
Тәрбиеші:
-Дұрыс айтасыңдар балалар.
Ал Тәуелсіздік дегенді қалай түсінеміз?
Балалар ортаға Қазақстанның, ата –заңның, ҚР –ң рәміздерінің макетін
алып шығады:
Халида:
Тәуелсіздік деген сөз - өз алдына бөлек ел болған, өз ата-заңы мен рәміздері бар мемлекет.
Арман:
-Тәуелсіздік - бабалардың ұраны
Тәуелсіздік -бойға таққан тұмары
Тәуелсіздік- күн көзіндей мейірімді
Маңдайымда шамшырақ боп тұрады.
Айсұлтан:
Желтоқсан тарихымда әйгілі күн
Арғымағым,қанатты сәйгүлігім
Еркіндік, егемендік елдігімді
Тәуелсіздік паш еткен бәйгілі күн!
Тәрбиеші:
Дұрыс айтасыңдар, балалар! Тәуелсіздік деген өте терең ұғым. Оны бір сөзбен сипаттауға болмайды. Олай болса Тәуелсіздігіміздің тарихдағы орны мен маңызын көрсететін әнімізді бәріміз орнымыздан тұрып шырқап жіберейікші!
Ән: «16 Желтоқсан»
Тәрбиеші:
- Жарайсыңдар балалар!
-Ал енді балалар ,біздің қандай рәміздеріміз бар?
-Ту, елтаңба, гимн.
Ендеше, мен сендермен қызықты, интелектуалды ойын ойнағым келіп тұр. Ойынның шартын қысқаша айтсам: алдарыңыздағы экраннан үш сан пайда болады, сол сандарда бүгінгі тақырыбымызға байланысты сұрақтар жасырынған. Сол сұрақтарға дұрыс жауап берсек, сендерге еліміздің рәміздерінің авторларының портреттері ашылады.
Экранда 1,7,9 сандары пайда болады.
1 ұяшық
-Шұғылалы алтын күні , ұлттық ою-өрнегі бар, түсі көк рәміз?;
-Көк байрағымыз!
Ұяшықтан
көк байрағымыздың авторы: Шәкен Ниязбековтың портреті ашылады. Балалар авторды атайды
2-ұяшық
-Ай мүйізді, алтын қанатты қос арғымағы бар?....
-Елтаңба
Ұяшықтан елтаңбаның авторлары -Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уалихановтың портреттері ашылады. Балалар атайды.
3-ұяшық
-Ол үлкен мерекелерде, салтанатты жиындарда орындалады. Оны Қазақстанның әрбір адамы жатқа білуге міндетті.
-ГИМН
Ұяшықтан гимнымыздың авторлары
-Жұмекен Нәжімеденов
-Нұрсұлтан Назарбаев
-Шәмші Қалдаяқовтың портреттері ашылады
Балалар атайды.
Тәрбиеші:
-Ендеше рәміздерімізді өлең жырлар арқылы сипаттап берейік.
Айша.Қ
-Айнымайды аспаннан
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашан да
Биікке іліп қояды.
Аяжан:
-Көк аспандай көкпеңбек
Қазақстан байрағы.
Көк емес ол тектен-тек,
Елдің ашық қабағы.
Айша.М:
-Елтаңбасы елімнің.
Неткен әйбат,әдемі.
Тұнығындай көңілдің,
Ортада аспан әлемі.
Темірлан:
-Құт-береке шаңырақ
Орын алған төрден
Қанатты қос арғымақ
Екі жақтан көмкерген.
Мухаммад:
-Тәуелсіздік жолында,
Талай-талай тер тамған
Билігім өз қолымда,
Еркіндігім-Елтаңбам.
Әнұраны елімнің
Шақырады бірлікке.
Егеменді халқымның
Болашағы бірлікте.
Тәрбиеші:
-Міне, бөгдеғаламшарлық бірінші сұрағыңызға жауап бердік. Екінші тапсырмаңызды айтыңыз.
2-слайд
-Туған еліңе тән ұлттық ерекшеліктерді ата?
Тәрбиеші:
Балалар, біздің қандай ұлттық ерекшеліктеріміз бар?
Д/о: «Ұлттық ойындарды ата»
Д/о: «Ұлттық аспаптарды
ата»
Д/о: «Бес қаруымызды ата»
Тәрбиеші:
Жарайсыңдар балалар!
Ендеше, Ер қаруы бес қару демекші қаруы мен күші тең болып, елімізді қорғаған батырларымыздың болмысын бимен билеп көрсетейік.
Д/о: «Ұлттық оюымызды ата»
Тәрбиеші:
*Қазақтың ою-өрнегі - ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан айналадағы әсемдікті ұлттық нақышта зерделеген өнері. Қазақтың ұлттық өнеріне арналған «Әдемі-ай» биіне кезек берейік.
Бөгдеғаламшарлық:
Балалар, Бәрі де тамаша!
Сендер сыннан сүрінбей келе жатсыңдар. Қазақ халқының бай қазынасына куә болып отырмын. Ендеше осыны тәжірибе жүзінде көрсете аласыңдар ма ?
Тәрбиеші: Әрине, біздің балаларымыз саусақтарынан өнер тамған сегіз қырлы, бір сырлы. Ендеше,балалар, кәне бөгдеғаламшарлыққа қыздар оюлардан сырмақ құрастырып көрсетсін, ал ұлдар жылқы малына салынатын ішкілік-тоқымды безендіріп көрсетейік!
Тәрбиеші: Міне, бөгдеғаламшарлық , сіздің екінші сұрағыңызғада жауап бердік. Тағы қандай сұрағыңыз бар?
№3 слайд
Туған жерің несімен бай?
Балалардың жауаптары: (картамен жұмыс)
-Өзен, тауларымен бай,
-Жан-жануарларымен бай
Д/О: «Жануарларды ата»
Балалар слайдтан көрсетілген жануарларды атайды.
-Құстарымен бай.
Д/о: «Құстарды ата»
-Өсімдіктерімен, дәнді дақылдарымен бай,
Д/о: «Өсімдіктерді, дәнді дақылдарды ата»
-Балықтарымен бай,
Д/о:«Балықтарды ата»
- Тәрбиеші:
Балалар, сиреп және жойылып бара жатқан жануарларды,құстарды,
өсімдіктерді қандай кітапқа енгізеді?
Балалар: -Қызыл кітапқа
- Тәрбиеші:
Қай жерлерде оларға қамқорлық жасап,көбейтуге болады?
Балалар: -Қорықтарда.....
-Алматы , Барсакелмес, Наурызым, Алакөл, Марқакөл,
Қаратал,Қорғалжын, Ақсу жабағылы,Батыс Алтай,Үстірт қорықтары
-Қазба-байлықтарымен бай.....
Тәрбиеші:
-Елімізде қандай қазба-байлықтар өндіріледі?
-Мұнай, темір, тұз, көмір
Тәрбиеші:
-Мұнай,көмір туралы не білесіңдер?
Балалар :-Мұнай еліміздің басты байлықтарының бірі. Мұнайдан жанармай, иісмайлар, парафин алынады.
Парафинді жарық өшіп қалған кезде және торттарды безендіру үшін пайдаланамыз.
Мұнай Атырау, Ақтау аймақтарында өндіріледі.
-Көмірді жердің астынан шахтадан қазып алады.
Көмірдің түсі қара және жылтыр. Көмірмен от жағып үйлерді жылытамыз. Көмір Қарағандыда өндіріледі.
-Мал шаруашылығымен бай,
- Тәрбиеші:
Малшаруашылығының қандай пайдасы бар?
Балалар :-Қазақстанда сиыр,қой, түйе, ешкі, жылқы өсіріледі. Олардың жүнін, сүтін,етін пайдаланамыз, терісінен былғары жасайды. Жылқының сүтінен қымыз,
түйенің сүтінен шұбат жасайды.Қымыз бен шұбаттың емдік қасиеті мол.
Тәрбиеші:
-Осының ішінде балалар жылқы жануары қазаққа несімен бағалы, ол туралы не білеміз?
Балалар: -Жылқы малы қазаққа бұрыннан жақын қасиетті жануар. Мінсе – көлік, жесе-ет, сауса-сусын болған бұл түлікті ең алғаш үйреткен ата-бабаларымыз екен.
Тәрбиеші:
-Міне, бөгдеғаламшарлық сіздің барлық сұрақтарыңа жауап бердік.
Бөгдеғаламшарлық:
-Жарайсыңдар, балалар!
Сендердің білімді екендеріңе көз жеткіздім!...
-Балалар, мен сендердің сегіз қырлы, бір сырлы екендеріңді таныдым, шынымды айтсам сендерге таңғалдым.
Сендердің менің көңілімнен
шыққандарың соншалықты, сендерге аспан әлемін аралатып, өзіммен бірге бір сәтке серіктес болуға шақырамын.
Тәрбиеші:
-Балалар ғарышқа ұшқыларың келе ме?
-Ғарышқа немен ұшамыз?
-Ғарышкерлер қандай киім киеді?
-Қазақтың тұңғыш ғарышкерлері кімдер?
Бөгдеғаламшарлық:
«Ендеше менің соңымнан еріңдер, балалар, сендерге жұлдыздар жол көрсетеді»
Балалардың көздерін жұмдырып,1 -дан 10- дейін санату
(Алдын ала дайындаған ғарышкер кейіпіне енген балалардың бейнежазбасын көрсету)
(Балалар мониторға қарап таң-тамаша болады)
(Балабақшаға 10ден 1 ге дейін тура санау арқылы оралу)
Тәрбиеші:
-Балалар ғарышқа ұшқан сендерге ұнады ма?
-Сендер ғарышқа жай ұшқан жоқсыңдар, бөгдеғаламшарлық сендерге риза болып, аспан жұлдыздарын сыйлады.
(Балаларға бір-бір әуеде қалықтайтын жұлдыздар
тарату)
-Бұл жұлдыздар жәй жұлдыздар емес, сиқырлы жұлдыздар.Олар сендердің болашақта кім болатындарыңды айтқызады
(Балалар өскенде кім болатындарын айтып жұлдыздарын ұшырады)
- Тәрбиеші:
Балалар,міне сендер болашақтың жетік маманысыңдар, әрқашанда тәуелсіз елдің тұғырын нық қылып, жалауын биікте желбірететін жұлдыздары болыңдар!
Балалар қонақтармен қоштасады.
Күтілетін нәтиже:
Білу керек: Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, ұлттық ерекшеліктерін, туған жерінің байлығын
Болу керек: Отанына деген мақтаныш сезімі, туған жеріне, қаласына деген сүйіспеншіліктері
Үйрену керек: тарихи құндылығымызды қадірлей білуге , өткеннен өнеге ала білуге үйрету