2 жастағы баланың тілін қалай дамытуға болады? » КГКП "Ясли сад №179"
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№179 бөбекжай-балабақшасы»
коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны
Меңгеруші :
+7(727) 225-40-97
Әдіскер:
+7(727) 225-40-97
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » 2 жастағы баланың тілін қалай дамытуға болады?
24
қыркүйек
2024

2 жастағы баланың тілін қалай дамытуға болады?



2 жастағы баланың тілін қалай дамытуға болады?

Бала тілінің дамуы өте қарқынды өтетін және тілді үйренуге деген ерекше сезімталдығы байқалатын «сензитивті» кезең екі жасында басталады. Бала екі жасында ересек адамдардың сөздері мен сөйлемдеріне еліктеп, тілдерін түсіне бастайды. Оның белсенді сөздік қоры өседі, бала тілдің грамматикалық құрылысын меңгереді, сөйлемдерді қолдана бастайды.
 Тілді түсіну біртіндеп болатын процесс. Бұл процестің дамуы үшін бір жарым жасқа дейін заттар, қимылдар мен олардың атаулары арасындағы байланыс қарқынды орнай бастайды, бұл байланыстар алдымен әлсіз болады, оларды нығайту үшін арнайы жағдайлар қажет. Жекелеген анализаторлардың (қозғалыс, көру, есту қабілеттері) арасындағы байланыс тым берік болмайды, бала ересектерді түсінгенімен, оларға назар аудармауы мүмкін.
 Бірінші жарты жылдықта тіл айтарлықтай қарқынмен дамиды; сөйлеуге еліктеу қабілеті жетіледі, былдыры күрделенеді; бір жарым жасында белсенді баланың сөздік қоры 30-40 сөзге жетеді және дамуынан ілгері келе жатқан балаларда сөздік қор 35-45 сөзге дейін жетеді. Бала анасының өзімен жақсы айналысқан қарым-қатынасының нәтижесінде қолданыстағы көп сөздерді игере бастайды. Екінші жарты жылдықта белсенді тіл дамуында айтарлықтай өзгерістер болады, белсенді сөздік қоры 200-300 сөзге дейін артады. Бала тілінде зат есімдердің септік және көптік жалғаулары, етістіктің бұйрық райы мен өткен шақ пен келер шақ түрлері пайда болады. Бала кейбір дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтады. 2 жастың соңына қарай тіл өзінің негізгі қызметі — қоршаған ортамен қарым-қатынас қызметін атқара бастайды. Бала тілді, ең алдымен, ересек адамдармен әңгімелесуде қолдана бастайды. Бұл жастағы балалар суреттегі өздеріне жақсы таныс қарапайым сюжеттерді түсініп қана қоймай, сонымен бірге ересектердің кейбір сұрақтарына жауап бере алады. Бала үшін тіл қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау құралы, ал ересектердің тілі балаларды тәрбиелеудің негізгі құралы болып табылады.
 Бала үшін ойынның және заттармен әрекет жасаудың алар орны ерекше. Өмірінің екінші жылында бала ойында заттармен манипуляция жасаумен айналысуды жалғастырады, мысалы, алмалы-салмалы ойыншықтармен ойнайды, текшелерді бірінің үстіне бірін қояды, пирамида діңгегінен шығыршықтарды алып, қайта кигізеді. Заттармен әрекет жасай отырып, олардың қасиеттерімен танысады. Заттармен әрекет жасау еліктеу қабілеттері мен қол қимылдарының үйлесімді дамуының арқасында біртіндеп күрделі сипатқа ие болады. Бала кірпіштерді қырымен қояды, «үй», «гараж» құрастырады, таныс заттарды (поезд, орындық) атайды және тағы басқа заттарды қолдана отырып, салыстыруға, теңестіруге үйренеді, яғни іс-әрекетті ойлана отырып жүргізеді. Балалардың тілін дамытуда ойын, тапсырма, жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде ойын — баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады.
 Сөздік қорды дамыту ісін ұйымдастыру жұмысында ойын сабағы ең негізгі орын алады. Тәрбиеші бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ шешу және құрастыру, саяхат, ойын-сабақтарын ұйымдастыру барысында балалардың сөздік қорларын дамытады. Арнайы ойын-сабақ және сабақ мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір-бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп, бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді. Ойын ұйымдастыруда тәрбиеші өзі жетекші бола отырып, балаларды ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып, ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады. Сонымен қатар ойын барысында бала үлкендермен, өз құрбыларымен қарым-қатынас жасайды. Әр бала өз жетістігіне қуанып, мәз болады. Сондықтан да ойын-тапсырмаларды таңдауда және іріктеуде балалардың жас және жеке ерекшелігін ескерген жөн. Балалармен «Кім қалай дабыстайды?», «Кім шақырды, тап!» тіл дамытуға арналған ойындар, «Шарды үрле» атты дем алу жаттығуларын ұйымдастыру. Пейзаж, натюморт, портрет жанрларымен суреттерді қарастыру. Үлкендердің көмегімен «Төлдерін тап және ата» дидактикалық ойынын ойнау. Балаларға арналған: дүкен, ойыншық, отбасы, бақша жемістері, орман, көл, бассейн, үй және дала жануарлары мен олардың төлдері, үй құстары, гүлдер, сонымен бірге құмырсқа, көбелек, ара сияқты жәндіктер туралы кітапшаларды қарастыру. «Алақай», «Бесік жыры», «Әлди-әлди», «Түлкі», «Шырша», «Қыс», «Қоян», «Қонжық», «Доп», «Жаңбыр» өлеңдерін жатқа айтуға үйрету. «Бауырсақ», «Шұбар тауық», «Шалқан», «Түлкі мен тауық», «Үш аю» атты ертегілерді тыңдап сахналауға баулу.
 Тәрбиеші балалармен заттармен, үстел үсті және сөздік ойындарды әртүрлі бағытта түрлендіріп өткізуіне болады. Заттармен ойналатын ойын ойыншықтарды, табиғи заттарды қолдану арқылы өтіледі. Мысалы: «Дәл осындайды тауып ал», «Салыстыр да, атын ата», «Қай ағаштың жапырағы», «Бірдей ойыншықты тап», «Қайсысы көп, қайсысы аз».
 Үстел үсті ойынын ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданылады. Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?», «Қай сурет тығылды?», «Бір сөзбен ата», «Кім байқағыш», «Қиылған суреттер», «Ұқсасын тап», «4-ші не артық?», «Есіңде сақта».
 Ал сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуге үйренеді. Мысалы: «Сөз ойла», «Сөз құра», «Жұмбақ ойла», «Жақсы-жаман», «Жалғастыр», «Үш сөз ата».
 Сонымен қатар балалардың сөздік қорларын дамыту жұмысына ойындарды қолданумен қатар, «Пішіндер көрмесі», «Өрнекті есіңде сақта», «Қиын жолдар», «Суретті жалғастыр», «Биші адамдар», «Көңілді таяқшалар» тәрізді жаттығу тапсырмаларды да пайдаланып отыру өз нәтижесін берді. Бұл аталған жаттығу, тапсырмалар балалардың сөздік қорын дамыта отырып, таным белсенділіктерін және саусақ бұлшық етін дамытады.
 Жалпы ойынды ұйымдастыру ойынды өткізуге әзірлік, ойынды өткізу, ойынды талдау сияқты үш бағытты қамтиды. Ойынға қажетті құрал, заттарды даярлау ойынды өткізуге әзірлік болып табылады.
 Балаларды ойынның мазмұнымен таныстыру ойынды өткізу болып табылады. Ойынды талдау, бұл ойынның өз мақсатына жетуі, балалардың белсенділігі және олардың іс-әрекеті болып табылады.
 Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма-жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді.


                                         Психологиялық кеңес


Баланың тілі екі жасқа дейін дамымаған жағдайда арнайы маманға апарып,  ауыз қуысы, жақ сүйегі, тісі мен тілінде қандай да бір кемістік бар ма, жоқ па соны анықтап алу қажет. Содан кейін баланың ата-анасының тілі кеш шыққан болса, бұл өз кезегінде перзентінде қайталануы мүмкін. Яғни бұл  — заңды құбылыс. Бала бір нәрседен қатты қорқып қалса немесе күнделікті тұрмыста ата-анасының жанжалдасатынын көріп өссе, мұның барлығы тілдің шығуына кері әсерін тигізеді. Ал осы психологиялық себептен арылу үшін мықты мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Себебі, екі жасқа дейін бала уақытының 85%-ін анасымен бірге өткізеді. Яғни, баланың тілінің шықпауына әсер етіп отырған психологиялық себепті анықтауға анасы көмектеседі. Бала тілінде сөздік қорының тым аз екенін байқағанда невропатолог маманға жолығу қажет. Сондай-ақ, баламен серуен кезінде айналасындағы кез келген заттың атын атауға тырысу маңызды.